5.3 Бумен қамтамасыз ету жүйелері. Өндірістік конденсаттың жиналу және қайтарылу сүлбесі

 

Конденсат қайтаратын абоненттік қондырғылар құрамына конденсат бөлгіш, конденсат жинағыш, конденсаттық сорғы және құбырлар кіреді. Болат құбырлардағы конденсат құрамындағы еріген оттегінің шектеулі мөлшері 0,1 мг/л аспау керек. Егер бұл мөлшерден оттегі асып кетсе немесе конденсатта көмірқышқыл газы болса – құбыр ішінде тот басу үрдісі өте қарқынды жүреді. Нәтижесінде, құбырлар істен шығады, себебі ішінде кедір-бұдырлар пайда болып, диаметрі кішірейеді, конденсатта тотық бөлшектері қоса ағып, қазандықты ластайды және қазандық қондырғылардың жұмысы бұзылады.

Тот басу (коррозия) таңбалы және жалпы болып бөлінеді. Әсіресе таңбалы коррозия қауыпты, себебі одан тесік пайда болып, құбыр істен шығады. Таңбалы тот басу құбырда конденсат ағыны баяулағанда немесе тоқтағанда пайда болады. Сондықтан конденсатты жиі ағызып отыру керек. Конденсат жинағышта оттегілік коррозияны болдырмау үшін оны ауа кірмейтіндейетіп жасайды және оның ішіндегі қысым атмосфералық қысымнан жоғары болады. Ашық жүйелерді қолданғанда, қайтарылатын конденсат температурасы 95-1000С болса, оның құрамындағы оттегі мөлшері аз болады. Бұл жағдайда қондырғылар жұмысы да ұзарады.

Бу қабылдағыш пен құбырлардан конденсатты қайтару. Белгілі бір ортаны бумен жылыту екі жолмен жүреді: бу орта ішімен араласу нәтижесінде немесе орта ішімен бу арнайы құбырлармен өткен жағдайда. Бірінші жағдайда бу өз жылуын ортаға толығымен беріп, конденсат ортада қалады, екінші жағдайда бу жылуы құбыр қабырғасынан ортаға беріліп, конденсат құбыр ішінде толығымен қалады. Конденсат жылыту элементтерінің ішінде жиналып қалса, оның температурасы қаныққан бу температурасынан төмендейді, яғни конденсат суиды. Нәтижесінде қондырғы жұмысының тиімділігі төмендейді. Сондықтан, жылу оқшаулағыш материалдар қолданылады.

Конденсат қайтарғыш қондырғысының жұмысы да маңызды. Оның жұмыс тәртібініңнің бұзылуы - жылу шығынына, конденсаттың бір жерге жиналуына, кейбір жағдайларда гидравликалық соқтығысқа әкеледі. Қалыпты жағдайда, қазандықтардан шығатын қаныққан будың ылғалдылығы 1 - 4% аралығында болады. Егер қазандықта қоспалар болса, ылғалдылық өседі. Тұтынушыға жеткенше, бу құбыр ішінде конденсацияланбау үшін, оның температурасы ЖЭС-да қатты ысытылады. Құбырлардың кейбір жерлерінде жиналған конденсатты ағызу үшін арнайы конденсат ағызғыш орнатылады. Ұтымсыз орналасқан конденсат ағызғыштар тұтынатын будың 25% жуығын шығынға ұшыратады. Конденсат ағызғыштардың жұмыс істеу әдісіне байланысты түрлі құрылымдары бар:

- гидравликалық тығыны бар (сифонды);

- гидравликалық кедергісі бар (тіректі шайбалы);

- механикалық тығынды (қалтқылы).

Ең қарапайым құрылымға гидравликалық тығынды конденсат ағызғышы бар құрылымды жатқызуға болады. Гидравликалық кедергісі бар конденсат ағызғышының кемшілігі – бу өткізуі, қысым көтерілгенде конденсатты шығарып жіберуі және үлкен биіктігі.

Механикалық тығынды конденсат ағызғышының жұмыс істеу принципі бойынша келесідей бөлінеді:

- қалтқылы, яғни конденсат пен будың меншікті салмақтары әр түрлі болуына негізделген, қалтқысы ашық немесе жабық болады;

- термостатикалық, денелер қызғанда кеңею үрдісіне негізделген;

- мембраналық.

Термостатикалық конденсат ағызғышы суыған конденсатты ағызуға арналған. Жабық қалтқылы конденсат ағызғышы қысым 10 МПа болғанда қолданады, оның өнімділігі 18м3/сағ. Мембраналық конденсат ағызғышы екі қуыстан тұрады, аралары метал мембранамен бөлінген.

Конденсат ағызғыштардың тиімді жобалары оларды құрастыруға, іске қосуға, тиімділігін арттыруға себебін тигізеді. Сондықтан, жүйе жобасын таңдауда үлкен жауапкершілік таныту керек.